Астана қаласының “Сарайшық” ауданында жаңа қоғамдық кеңістік ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сквер “Bravo Family” тұрғын үй кешенінің маңында, №93 мектеп-лицейіне қарама-қарсы орналасқан. Бүгін шағын кеңістікте Астана қаласының баскетбол федерациясының ойыншылары жасөспірімдерге шеберлік сабағын өткізіп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
(1).jpeg)
Жаңа сквердің аумағында балалар және спорт алаңдары, баскетбол мен футбол алаңдары, сондай-ақ воркаут аймағы орнатылды. Сонымен қатар тас төселген тыныш демалыс аймағы, бастырмалар мен әткеншектер орнатылған. Тұрғындардың қолайлылығы үшін жол өтпесі кеңейтіліп, қосымша автотұрақ орындары жасалып, 1700 шаршы метр асфальт төселді.
Мұнда 400 түп ағаш - қайың, жөке, шетен, үйеңкі, емен, балқарағай, сібір шыршасы, ирга, бөртегүл және т.б. егілді. Келесі жылы тағы 820 сәндік гүлді бұта отырғызу жоспарланып отыр.
(1).jpeg)
Астана қаласы Сарайшық ауданының баспасөз хатшысы Әсемгүл Әбсадыққызының айтуынша, жаңа қоғамдық кеңістіктің жалпы аумағы бір гектарды құрайды. Мұнда тұрғындардың барлық жас тобы үшін қолайлы жағдай жасалған.
Қазіргі таңда біз жаңа қоғамдық кеңістікті ашып жатырмыз. Оның аумағында футбол және баскетбол алаңдары, спортпен шұғылдануға арналған воркаут аймақтары бар. Сондай-ақ кіші жастағы балаларға арналған ойын алаңы да қарастырылған. Бұл ауданның экологиялық келбетін жақсартып, тұрғындарға жайлы демалыс орнын ұсынады, – деді ол.
Оның айтуынша, биыл Сарайшық ауданында осындай 4 төрт қоғамдық кеңістік пайдалануға берілген. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ашылған аллея да осы ауданда орналасқан.
(1).jpeg)
Баспасөз хатшысы тұрғындарды жаңа демалыс орнын ұқыпты пайдалануға шақырды.
Ал тұрғын Гүлмира Денисламова жаңа сквердің ашылуы тұрғындардың көптен күткен қуанышы екенін атап өтті.
.jpeg)
Біз бұл үйге екі жыл бұрын көшіп келгенде, осы аумақта көпқабатты үй салынады деген жоспар болған. Тұрғындар қарсы шығып, әкімдікке өтініш жолдады. Соның нәтижесінде қала және аудан әкімдігі тұрғындардың пікірін ескеріп, осындай көрікті сквер салды. Қазір мұнда бәрі бар: спорт алаңдары, әткеншектер, жасыл желектер. Бұл орын қаладағы ең әдемі демалыс аймақтарының біріне айналады деп сенемін, – деді ол.
Сарайшық ауданының 4-сайлау округі бойынша депутаты Мадина Ажикенова да тұрғындармен бірге қуанышқа ортақ болды.
.jpeg)
Бүгін біз үлкен игі істің куәсі болып отырмыз. Бұл, ең алдымен, тұрғындардың тілегі. Мұнда балалар мен жастар үшін спорттық және жаттығу аймақтары жасалған. Осындай қауіпсіз және жайлы демалыс орындары алдағы уақытта да көбейетініне сенемін, – деді депутат.
Оның айтуынша, Сарайшық ауданында тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жобалар тұрақты түрде жүзеге асып келеді.