Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада жаңа қоғамдық кеңістік ашылды

23 Қыркүйек 2025, 08:54
433
Бөлісу:
 Астана қаласы әкімдігі
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елордада тұрғындар үшін тағы бір ерекше қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Ол Сарайшық ауданының Р. Қошқарбаев – Тәуелсіздік даңғылдары мен А. Байтұрсынов көшесі аралығында орналасқан. Мұнда жаңартылған жаяу жүргіншілер жолы мен велосипед жолағы пайда болды, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Биыл Астанада абаттандыру жұмыстары ауқымды жүргізілуде. Оның ішінде Сарайшық ауданында 15 аула жаңартылып, төрт жаңа қоғамдық кеңістік салынуда.

Біздің мақсат – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру. Қазіргі таңда екі кеңістік пайдалануға берілді, тағы екеуінде жұмыстар жүріп жатыр, – деді аудан әкімінің орынбасары Шұғыла Құдайберген.

Астанада жаңа қоғамдық кеңістік ашылды

Жаңадан ашылған аумақта 3 мың шаршы метр автотұрақ, орындықтар, балалар мен жасөспірімдерге арналған шағын сәулет нысандары жасақталды. Сондай-ақ 140 ағаш отырғызылып, тағы 90 ағаштың орны дайындалды, 3500 сәндік гүлді бұта егілді.

Жалпы, «Сарайшық» ауданында биылғы экологиялық айлық аясында 4 мың ағаш, жыл соңына дейін 10 мыңнан астам ағаш пен 20 мың бұта отырғызу жоспарланған.

Айта кетейік, 2025 жылы елордада 170-ке жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылмақ. Сонымен қатар, қала аумағында 1 млн-нан астам жасыл желек отырғызылады.

Өзгелердің жаңалығы