Астанада виртуалды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді

23 Маусым 2020, 02:38
2236
Бөлісу:
Астанада виртуалды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Астанада 29 маусым мен 3 шілде аралығында виртуалды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді.

Жәрмеңке "Астана" халықаралық қаржы орталығының ұйымдастыруымен үшінші рет дәстүрлі Astana Finance Days мамандандырылған қаржы конференциясы аясында өтеді. Конференцияда алдыңғы қатарлы компаниялардың қандай қызметкер іздейтіні айтылып, әр саладағы беделді компаниялардың қызметкерлері өз тәжірибелерімен бөліседі.

 "Құбылмалы әлемдегі нарықтар" аталған конференцияға әлемнің 40-тан астам елінен 10 мыңнан астам қатысушы келеді деп жоспарланған. Сонымен қатар онлайн өтетін шараға қаржы, экономика, заң және өзге де салалардағы отандық және шетелдік сарапшылар, саясаткерлер, бизнестің, мемлекеттік қызмет және ғылыми ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар "Астана" халықаралық қаржы орталығында тіркелген компаниялардың өкілдерінен құралған 100-ден астам спикер де қатысады.

Конференция барысында Үздіксіз кәсіби даму бюросы ұйымдастыратын сессияларда сала мамандары мен сарапшылар кәсіби өсу мен білім беру саласындағы соңғы трендтер туралы ойларын ортаға салып, пандемиядан кейінгі кезең мен жалпы төртінші индустриялық революция дәуірінде қандай дағдылар мен машықтардың нарықта сұранысқа ие екені жайлы пікір алмасады.

Сонымен қатар, қаржы конференциясы аясында АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросының ұйымдастыруымен "Әлеуметтік оқшауланудың сабағы және білім берудегі цифрлық трансформация", "Төртінші өнеркәсіптік революциядағы білімнің орны" және "Қазақстан-Ұлыбритания: білім беру арқылы цифрлы көпір" тақырыптарында сала мамандары пікір алмасады.

Айта кетейік, биыл COVID-19 пандемиясына байланысты дәстүрлі конференция онлайн режимде өткізіліп отыр. Бес күндік шараның кез келген сессиясын конференцияның ресми сайты astanafindays.org сайтына тіркеліп, нақты уақытта көруге болады.



Өзгелердің жаңалығы