Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында «GLB» үй құрылысы комбинатының қуаты жылына 450 мың м2 тұрғын үйге дейін ұлғайғанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«GLB» үй құрылысы комбинатының қуаты жылына 450 мың м2 тұрғын үйге дейін ұлғайды. Бұл үй құрылысы комбинатының артықшылығы – сапасына зиян келместен құрылыс уақытын қысқартуға, шаршы метрдің өзіндік құнын азайтуға мүмкіндік береді. Аталмыш комбинат құрылысы ұзаққа созылған үйлердің (Бағыстан, Алтын шар) проблемасын шешуге, сол сияқты әлеуметтік тұрғын үй салуға жұмылдырылған. Зауыттың қуатын арттыру арқылы әлеуметтік нысандар құрылысының қарқыны күшейіп, қосымша тұрақты жұмыс орындары құрылады, Осыған дейін үй құрылысы комбинаты несие берушілер мен кәсіпорын қызметкерлеріне 600 млн теңгеге жуық қарыз болған. Мемлекеттің қолдауының арқасында бұл қарыз өтеліп, комбинаттың жұмысы қайта жанданды, – деді Алтай Көлгінов.
Бұдан бөлек, 2020 жылдың соңында ModeX үй құрылысы комбинатының жұмысы іске қосылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғын үй бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр: жеңілдетілген қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайттық, «Elorda Jastary» арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қостық, тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылар санатын кеңейттік, тұрғын үй сертификаттарының сомасын 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайттық және т.б., – деп жазды елорда әкімі.