Астанада ТЖМ бірегей оқу-жаттығу өткізді

Бүгiн, 13:38
120
Бөлісу:
Астанада ТЖМ бірегей оқу-жаттығу өткізді
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Қазақстан ТЖМ авиацияны қолдана отырып, биік ғимараттағы өртті сөндіру бойынша бірегей оқу-жаттығу өткізді.

Астанадағы оқу-жаттығуға төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов басшылық жасады.

Оқу-жаттығу әуе және құрлық күштерінің өзара әрекеттесуінің тиімділігін ғана емес, сонымен қатар биік ғимараттардағы өртті сөндіру кезінде уақтылы үйлестірудің маңыздылығын көрсетті, - деп атап өтті Әрінов.

Сценарийге сәйкес 22 қабатты тұрғын үйдің 10-қабатында қысқа тұйықталу салдарынан басталған өрт тез таралды. Қою түтін мен температураның жоғарылауы әсерінен жоғарғы қабаттардың тұрғындары шыға алмай қалды. Өртті сөндіруге және адамдарды эвакуациялауға арналған стандартты техника оқиға орнына жете алмады, бұл авиацияның араласуын қажет етті.

Өртті сөндіруге ТЖД 80-ге жуық құтқарушысы мен 20-ға жуық техникасы жұмылдырылды. Құрлық күштері бірінші қабаттағы отты сөндіріп жатқанда, Қазавиақұтқару авиациясы адамдарды ғимараттың төбесі мен жоғарғы қабаттарынан эвакуациялады.

Eurocopter тікұшағы зардап шеккен адамды эвакуациялау үшін ғимараттың шетіне қонды. Сонымен қатар жүк лебедкасы бар Ми - 8 тікұшағы адамдарды биіктіктен жедел көтеріп алды.

Оқу-жаттығуда құтқару операцияларын ұйымдастыруға және аз уақытта іс-қимылдарды үйлестіруге ерекше назар аударылды.

Бұл жаттығулар біздің күштеріміз бен құралдарымызды биік ғимараттары бар қалалардағы ықтимал төтенше жағдайларға дайындаудың маңызды кезеңі болды. Біз азаматтардың қауіпсіздігін арттыру үшін әртүрлі бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды дамытуды және жетілдіруді жалғастырамыз, - деп министр толықтырды.

Өзгелердің жаңалығы