Астанада ШЫҰ тақырыбына арналған фотокөрме ашылды

3 Сәуір 2025, 10:06
655
Бөлісу:
Астанада ШЫҰ тақырыбына арналған фотокөрме ашылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (ЕҰУ) Қытай Елшілігінің ұйымдастыруымен «ШЫҰ университетте: Фотокөрме, Диалог және Ортақ Болашақ» атты фотокөрме ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көрменің ашылу салтанатына Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь, Қазақстан Республикасының ШЫҰ ұлттық үйлестірушісі Мұрат Мұқышев және ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов қатысты.

Фотокөрме қандай мақсатты көздейді?

Бұл көрме Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Көрмеге ұйымның тарихын, негізгі құндылықтарын және болашақ даму перспективаларын бейнелейтін 24 фотосурет қойылған.

Астанада ШЫҰ тақырыбына арналған фотокөрме ашылды

ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов университеттің халықаралық аренадағы рөліне тоқталып өтті.

ЕҰУ Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. 2022 жылы зерттеу университеті мәртебесін алды. 2024 жылғы QS рейтингі бойынша әлемнің 321-орнында, Азияның үздік 100 университетінің қатарында.

Оның айтуынша, университет 500-ге жуық шетелдік серіктеспен, соның ішінде ШЫҰ елдеріндегі жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан.

Қытай университеттерімен ынтымақтастық – ЕҰУ-дің стратегиялық басымдықтарының бірі. Қазіргі таңда университет Қытайдың 30-дан астам жоғары оқу орнымен серіктестік орнатып, Конфуций институтын ашқан, қытай филологиясы кафедрасын құрған, академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы студенттермен алмасуды жүзеге асырып отыр.

Астанада ШЫҰ тақырыбына арналған фотокөрме ашылды

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь көрмені ұйымдастыруға қолдау білдірген серіктестеріне алғысын айтып, бұл іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

Биыл ШЫҰ-ның құрылғанына 25 жыл толады. Осыған орай біз ұйымның даму тарихына көз жүгіртіп, оның негізгі құндылықтарын – «Шанхай рухын» таныстыратын 24 фотосуретті ұсынып отырмыз, - деді елші.

Астанада ШЫҰ тақырыбына арналған фотокөрме ашылды

ШЫҰ алғашында 2001 жылы 15 маусымда Қытайдың Шанхай қаласында құрылған. Оған дейін «Шанхай бестігі» форматында жұмыс істеген. Ұйымның негізін қалаған мемлекеттер:
- Қытай
- Қазақстан
- Қырғызстан
- Ресей
- Тәжікстан
- Өзбекстан

Бүгінде ШЫҰ бастапқыда алты мүшесі бар аймақтық ұйымнан үш құрлықты қамтитын, 26 мемлекеттен тұратын үлкен халықаралық құрылымға айналды. Қазіргі таңда ШЫҰ құрамында:
- 10 толыққанды мүше
- 2 бақылаушы мемлекет
- 14 диалог серіктесі бар.

Астанада ШЫҰ тақырыбына арналған фотокөрме ашылды

ШЫҰ-ның 25 жылдығы: жетістіктер мен келешек

Қазақстан Республикасының ШЫҰ ұлттық үйлестірушісі Мұрат Мұқышев өз сөзінде ЕҰУ түлектерінің жоғары деңгейін атап өтті.

Біздің студенттер ШЫҰ Жастар кеңесінің мүшелері, «ШЫҰ моделі» интерактивті ойынының белсенді қатысушылары. Бұл – олардың өңірлік ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесінің дәлелі, - деді ол.

Сондай-ақ ол ұйымның 25 жыл ішіндегі негізгі жетістіктеріне тоқталды:
- ШЫҰ – әділ әрі ұтымды әлемдік тәртіп құрудың маңызды механизмі
- Ұйым елдері арасында сенім, достық және тату көршілік қарым-қатынас орнады
- «Шанхай рухы» көпжақты дипломатияның үлгісіне айналды

Көрменің екінші бөлімінде қатысушылар фотосуреттермен танысып, ұйымның тарихына үңілуге мүмкіндік алды.

Астанада ШЫҰ тақырыбына арналған фотокөрме ашылды

ШЫҰ саммиті Қытайда өтеді

Еске сала кетейік, ШЫҰ-ның кезекті саммиті биыл күзде Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтеді. Бұл саммит ұйымның алдағы даму стратегиясын анықтауда маңызды рөл атқарады.

Өзгелердің жаңалығы