Астанада Шымкенттің креативті жәрмеңкесі өтіп жатыр

Көрмеге ұлттық киімдер, авторлық әшекейлер, кілемдер, киізден, керамикадан, былғары мен ағаштан жасалған бұйымдар қойылған.

 Астана қаласының әкімдігі 25 Қазан 2026, 06:35
25 Қазан 2026, 06:35
161
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен Шымкенттің креативті жәрмеңкесі ашылды. Creative Aimaq жобасы аясында ұйымдастырылған екі күндік іс-шара қолөнершілерді, дизайнерлерді, өнер өкілдері мен технологиялық жобаларды әзірлеушілерді біріктірді. 

Жәрмеңкенің ашылуында «Қаратау» музыкалық ансамблі өнер көрсетіп, Шымкенттің мәдени дәстүрін таныстырды. Сондай-ақ Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры Шәмші Қалдаяқов пен Ержан Серікбаевтың шығармашылығына арналған «О, қала!» әдеби-музыкалық қойылымын ұсынды.

Көрмеге ұлттық киімдер, авторлық әшекейлер, кілемдер, киізден, керамикадан, былғары мен ағаштан жасалған бұйымдар қойылған. Келушілер шеберлердің жұмыстарымен танысып, ұнаған туындыларын сатып ала алады.

Жәрмеңкеде технологиялық әзірлемелер де таныстырылды. Олардың қатарында алақандағы тамырлар арқылы биометриялық төлем жасауға мүмкіндік беретін Alaqan жүйесі, қолжазбаны танитын жасанды интеллект негізіндегі Qalam AI қаламы және ауыл шаруашылығы жануарларын бақылауға арналған QazTracker платформасы бар. Сонымен қатар «САҚ» киностудиясы өз жобаларын ұсынды.

Республика күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңкенің екінші күні ұлттық анимацияға, театрға, музыкаға және дәстүрлі қолөнерге арналады. Көрермендер «Айбынды аула», «Тоқты мен Серке» мультсериалдары мен «Ахмет» мультфильмін тамашалай алады. Сондай-ақ театр қойылымы мен музыкалық ансамбльдің өнері қайта ұсынылып, ұлттық әшекей жасау, киіз басу және құрақ көрпе тігу бойынша шеберлік сабақтары өтеді.

Creative Aimaq жобасы өңірлік брендтерді дамытуға, креативті кәсіпкерлерді қолдауға және олардың өнімдерін өткізу нарығын кеңейтуге бағытталған. Жәрмеңке шымкенттік шеберлер мен дизайнерлерге өз жұмыстарын елорда жұртшылығына таныстырып, жаңа тұтынушылар табуға мүмкіндік береді.

Іс-шара Qazaq Creative Hub орталығында, Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайында өтіп жатыр.

Наверх