Астанада шетелден көлік әкеліп береміз деп тұрғынды 16 миллион теңгеге тақырға отырғызған алаяқтарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Екі қылмыскер өздерін шетелден көлік тасымалдайтын делдал ретінде таныстырып, көлік сатып алуға және өзге де шығындарға жәбірленушіні 16 млн теңге аударуға көндірген.
Алаяқтар хабар алмасуды ойдан шығарылған мәліметтерді қолдана отырып, мессенджер арқылы жүзеге асырған.
Нәтижесінде жәбірленуші автокөлікті де, ақшаны да ала алмай қалған.
Сот үкімімен кінәлі тұлғаларға 5 жыл және 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушінің залалды өндіру туралы азаматтық талап арызы қанағаттандырылды. Қала прокуратурасы – алаяқтық үшінмүлікті тәркілеу арқылы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгеніне назар аударады, - деп хабарлады Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында 20 жастағы жігіт Telegram арқылы келген «тиімді» ұсынысқа алданған болатын.