«Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінде мерекеге орай қыздар арасында алғаш рет конкурдан ашық біріншілік өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл додаға еліміздің Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Қарағанды облыстарынан 75-ке тарта шабандоз аруларымыз қатысты.
Мерекелік шараның ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев және Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері Федерациясының вице-президенті және олимпиадалық ат спорты түрлері бойынша мемлекеттік жаттықтырушы Аманжол Хасенов қатысып, әйелдер қауымын айтулы мерекемен құттықтап бабы мен бағы келіскен қатысушыларымызға сәттілік тіледі.
Сіздерді Астана қаласының әкімдігі атынан Халықаралық әйелдер күніне арналған конкурдан қыздар арасында ашық біріншілік жарысының басталуымен құттықтаймын! Бүгін міне Астана, Қарағанды, Алматы, Ақмола облыстарынан келген 75-тен астам шабандоз аруларымыз өзара сайысқа түсіп, үздіктерді анықтайды. Адамзат тарихында жылқы ең алғаш қазақ даласында қолға үйретілгені белгілі. Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі жарыстың басты мақсаты да – осы. Жас ұрпақты қайсарлыққа, жігерлілікке тәрбиелейтін ат спорты бүгінгі таңда елімізде қарқынды даму үстінде. Соның бір айғағы бүгінгі қыздар арасында өтіп жатқан ашық біріншілік. Бүгінгі таңда Астана қаласында 200-ден астам спортшылар ат спорты түрлерімен айналысады. Астана қаласының құрамасы Көкпар мен конкурдан Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарының чемпиондары мен жүлдегерлері болып табылады. Алдағы уақытта Астана мен барлық өңірлерде ат спортын кеңінен насихаттау және дамыту арқылы келешегі зор шабандоздар мен жылқыларды анықтау және дәстүрімізді дәріптеуге арналған жарыстар Астана ауқымында жиі өткізіліп тұрады деген ойдамын, - деді қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.
Көсіле шабатын сәйгүліктеріміз биіктігі мен күрделілігі бойынша сайыстың 4 бағдары бойынша сынға түсті. Яғни, біріншісі «Әуесқойлар санаты», ондағы кедергінің биіктігі – 105 см.
Екінші санат 12 мен 15 жас аралығындағы балаларға арналған. Мұндағы биіктік – 110 см.
Үшіншісі «Ашық сынып санаты» деп аталады. Ол жердегі кедергінің биіктігі – 120 см.
Төртіншісі – «Екі кезеңнен тұратын ашық санат», ондағы биіктік те – 120 см.
Айта кетейік бұл төртінші санатта төрешілердің ортақ шешімімен жігіттерімізде қатысты.
Балалар және ашық сынып санаты бойынша қатысқан астаналық Әмина Акшина «Гордый» атты тұлпарымен алдына жан салмай жеңіс тұғырынан көрінді.
Мен бүгін балалар және 120 қыздар арасындағы жарыста секіріп шықтым. Екі бірінші орын алдым. Атты дайындау кезінде міндетті түрде оны сүрту керек. Себебі әр шаң, қылшық оған кедергі келтіреді, - дейді жеңімпаз атанған Әмина Акшина.
Жарыс қорытындысы бойынша әуесқойлар санаты бойынша «Субару Форестер» сәйгүлігімен Елизавета Бородюкова топ жарса, екінші болып «Герей» атты жылқымен Бота Данияр келсе, үшінші орынды «Блик» есімді атпен шапқан Томирис Жанғалиева иемденді.
Ал 12-15 жас аралығындағы балалар санаты бойынша «Гордый» сәйгүлігін тізгіндеген Әмина Акшина бірінші болып келсе, «Гайсак» тұлпарымен додаға түскен Дарина Дуржумбаева екінші орынды алды. Бұл санат бойынша үздік үштікті «Шах»атымен Амира Қабжанова түйіндеді.
Ашық сынып санаты бойынша бірінші орынға екі бірдей жеңімпаз жеңіс тұғырынан көрінді. Олар, Әмина Акшина «Гордый»сәйгүлігімен және Елизавета Лиманская кедергілерді мүлтіксіз орындап үздіктер қатарынан көрінді. «Пальм Бич» атымен Дайана Онаева екінші орынмен аяқтады. Нұрила Тұрысбекова үшінші орынды місе тұтты.
Ал екі кезеңнен тұратын төртінші санатта төрешілердің ортақ шешімімен жігіттерімізде қатысты. Бұл сында «Камелот» тұлпарымен Ербол Нержаев бірінші орынды қанжығалады. Екінші орынға «Пальм Бич» атымен өнер көрсеткен Толкумбеков Асет тұрақтаса, Маликаджар Чингиз «Таймаз» сәйгүлігімен үздік үштікті түйіндеді.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық спорт басқармасымен Астана қаласының ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері Федерациясының ұйымдастыруымен өткен сайыстың жалпы жүлде қоры – 6 000 000 теңгені құрады.
Айта кетейік, мұндай жарыс Астанада осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр.