Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада Сәтбаев университетінің жаңа инженерлік кампусы ашылды

5 Қараша 2025, 06:35
261
Бөлісу:
 ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Астанада Сәтбаев университетінің жаңа инженерлік кампусының салтанатты ашылуы өтті. Жаңа ғимарат білім, ғылым және инновацияны біріктіретін заманауи инженерлік орталыққа айналмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Тоқсан жылдан астам тарихында Сәтбаев университеті энергетика, геология және машина жасау салаларына үлес қосқан 160 мыңнан астам инженер даярлады. Енді Астанада ашылған кампус еліміздің солтүстік аймақтарына қажетті жаңа буын инженерлерін дайындауға мүмкіндік береді.

Жаңа кампус робототехника, энергетика, машина жасау және аддитивті технологиялар зертханаларымен, заманауи коворкингтермен және ғылыми кеңістіктермен жабдықталған. Оқу процесі индустриялық серіктестердің қажеттіліктеріне және Сәтбаев университетінің академиялық стандарттарына сәйкес құрылған.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, білім экономикасына көшу жағдайында елге білікті инженер мамандар қажет. Біздің мамандарымыз жаһандық бәсекеге төтеп бере алатындай білімді әрі кәсіби болуы тиіс, – деген болатын Мемлекет басшысы.

Ашылу салтанатында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова: Сәтбаев университетінің жаңа кампусы – жоғары білім беру жүйесінің кеңеюі мен аймақтық экономикаға қажетті кадрларды даярлау ісіндегі маңызды қадам, – деп атап өтті.

Сәтбаев университеті халықаралық ынтымақтастықты да белсенді дамытып келеді. Биыл екі жүзден астам студент пен оқытушы Penn State, University of Glasgow, University of Exeter, City University of Hong Kong және басқа да жетекші университеттерде тағылымдамадан өтті.

Кампус ашылуына серіктес жоғары оқу орындары мен өндірістік компаниялардың өкілдері қатысты. Шара барысында Alageum Electric, Астана электротехникалық зауыты және LocosystemsKZ компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Өзгелердің жаңалығы