Елордадағы Әскери-тарихи музейде Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы күресі мен Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісінің 80 жылдығына арналған "Ұлттық тәуелсіздік пен әлемдік бейбітшілік үшін" атты фотокөрме ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көрмеде төрт бөлімнен тұратын 125 сурет қойылып, қытай халқының жанқиярлық күресі мен тарихи жеңіс жолы бейнеленген.

Ашылу рәсімінде Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлинь бұл жеңістің әлемдік антифашистік күрестегі шешуші рөлін атап өтіп, тарихты бұрмалауға жол бермеудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ол бейбітшілікті сақтау – барша халықтың ортақ парызы екенін жеткізді.

Шара барысында генерал-майор Асқар Мұсабеков қытай халқының ерлігін дәріптей отырып, қазақ жауынгерлерінің де Жапонияға қарсы шайқастарға қатысқанын еске салды. Оның айтуынша, бұл көрме – батырлар ерлігін ұлықтап, бейбітшіліктің қадірін түсінуге шақыратын тарихи іс-шара.

Еске сала кетейік, көрме бір ай бойы өтеді.