Астанада құрылыс қалдықтарын рұқсатсыз төккен КамАЗ жүргізушісі жазаланды

29 Мамыр 2024, 21:11
406
Бөлісу:
Астанада құрылыс қалдықтарын рұқсатсыз төккен КамАЗ жүргізушісі жазаланды
Фото: pixabay.com

15 сәуірден бастап елордада қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Акция басталғалы 4 мыңнан астам құқық бұзушы қоқыстарды заңсыз тастағаны, қоғамдық орындарды ластағаны және басқа да абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 2800-ден астам, қоғамдық орындарды ластағаны үшін 2000 адам жазаға тартылды.

Күн сайын полицейлер рұқсат етілмеген үйінділердің пайда болуы мүмкін жерлерде рейд жүргізіп, белгісіз орындарға қоқыс түсіріп жатқан тұлғаларды анықтайды. Акция басталғалы полиция 30-дан астам жүк көлігі жүргізушісін жауапқа тартты.

Осылайша, рейдтік шаралардың бірінде Бейсекова көшесіндегі бос жерге құрылыс қалдықтарын түсіріп кеткен КамАЗ көлігінің жүргізушісі анықталды. Аталған бұзушылық видеоға түсірілген. Жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабында көзделген әкімшілік шара қолданылды. Сонымен қатар онымен заң талаптарын сақтау жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Қоқыстың немесе құрылыс және басқа да қалдықтардың анықталмаған орындарда сақталуының куәгері болсаңыз, бұл туралы дереу уәкілетті органдарға және «102» пультіне хабарлаңыз. Мүмкін болса, қылмысты смартфонға немесе басқа құрылғыға түсіріп алыңыз немесе іске дәлел ретінде пайдалану үшін нөмірді жазып алыңыз, - делінген Астана қаласы ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы