Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада қар тазалауға 1,6 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды

Кеше, 10:48
357
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Астанада коммуналдық қызметтер алғаш қар жауғаннан бастап күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Қаланың жолдары мен тротуарлары күндіз-түні тоқтаусыз тазартылып тұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.

6 қаңтар күні қала аумағынан 51 мың текше метрге жуық қар шығарылып, оған 3 732 жүк көлігінің рейсі жұмылдырылды. Түнгі ауысымда қаланы қардан тазарту жұмысына 445 жол жұмысшысы мен 1 626 арнайы техника тартылды.

Астанада алғаш қар жауған күннен бері қар полигондарына шамамен 1 млн 798 мың 106 текше метр қар шығарылды, бұл 137 363 рейсті құрайды.

Ең алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазартылуда.

Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.

Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жолдар мен тротуарларға техникалық тұз себіліп жатыр. Бұл жұмыс та тәулік бойы атқарылып жатыр.

Сонымен қатар, аула ішіндегі аумақтардың тазалығына ПИК пен МИБ жауапты. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін қар мен мұзды уақытылы тазалауы тиіс.

Астана қаласының әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға және қолайсыз ауа райы кезінде алыс сапарларға шықпауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы