Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жалғасуда

Кеше, 01:29
389
Бөлісу:
 Астана қаласының әкімдігі
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада коммуналдық қызметтер қыс мезгілінің басталуына байланысты күшейтілген тәулік бойы жұмыс режиміне көшті. Қаланың жолдары мен тротуарлары қар мен мұздан күндіз-түні үздіксіз тазартылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

5 қаңтар күні қала аумағынан 51 мың текше метрден астам қар шығарылды. Бұл жұмыстарға 3 685 жүк көлігінің рейсі жұмылдырылған.

Түнгі ауысымда қар тазалау жұмыстарына 443 жол жұмысшысы мен 1 500-ден аса арнайы техника тартылды.

Қыс басталғалы бері қар полигондарына жалпы көлемі шамамен 1,7 миллион текше метр қар шығарылды, бұл 129 412 рейсті құрайды.

Алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Кейін қозғалысы орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда жұмыстар жүргізіледі. Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жолдар мен жаяу жүргінші жолдарына техникалық тұз себіледі.

Аталған жұмыстар тәулік бойы жалғасуда. Ал аула ішіндегі аумақтардың тазалығына ПИК пен МИБ жауапты, олар қар мен көктайғақты уақытылы тазалауы тиіс.

Астана қаласының әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын жолдар мен тротуарларда сақ болуға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және қолайсыз ауа райы кезінде алыс сапарларға шықпауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы