Астанада қала тұрғындары жиі көтеретін мәселелер шешімін табуда

Астанадағы тұрғын үйлерде қордаланған мәселелер жойылды

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 17:19
Бүгiн 2026, 17:19
109
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Астанада қауіпсіздік, аула жағдайы, лифт немесе коммуналдық қызметтер – қала тұрғындары жиі көтеретін мәселелер, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осы түйіткілдерді жүйелі түрде шешу мақсатында «AMANAT» партиясы «Тұрғындар аманаты» жобасын іске қосты. Алғашында Астанада пилоттық форматта жүзеге асқан бұл жоба бүгінде республика көлемінде тұрғындардың өзекті мәселелерін нақты шешуде.

Астана қаласындағы «Тұрсын Астана» тұрғын үй кешенінде туындаған мәселе соның айқын дәлелі. Бұл кешенде ұзақ уақыт бойы өрт қауіпсіздігі жүйесі орнатылмай келген. Тұрғындар бірнеше рет шағымдарын білдіргенімен, мәселе шешімін таппаған.

Бұл тұрғын үй кешені  2012 жылы пайдалануға берілген. Содан бері өрт сөндіру құралдары орнатылмады.  Біз бірнеше рет өрт қауіпсіздігі жүйесінің орнатылуын сұрадық, бірақ мәселе мүлде шешімін таппады. Міне арада 14 жыл өтіпті, талай мекемеге бардық, еш нәтиже болмады, – дейді кешен тұрғыны Қанат Әбілов.

Бұл мәселені тұрғын үйдің ОСИ төрағасы Қуаныш Оспанов «Тұрғындар аманаты» жобасы аясында өткен депутаттармен кездесуде көтерді. Партия фракциясының мүшесі Дәулет Тұрлыханов мәселенің мән-жайын анықтап, шара қабылдау үшін құзырлы органдарға жедел түрде ақпарат жолдап, оны жеке бақылауына алды.

Халықтың қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында тұруға тиіс. Тұрғын үй кешендеріндегі қауіпсіздік жүйелері әу баста қолға алынуы керек. Өкіншіке қарай мұндай олқылықтар жиі кездесіп жатады. Азаматтар партия жанындағы Қоғамдық қабылдауда тұрғын үй комуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты жиі шағымдарын айтады, – деді ол.

«Тұрғындар аманаты» жобасы аясында азаматтардың өтініші жедел қаралып, тиісті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жолға қойылды. Соның нәтижесінде төрт айға жуық уақыт ішінде мәселе толық шешімін тауып, «Тұрсын Астана» кешенінде желілік өрт қауіпсіздік құрылғылары толығымен орнатылды. Бүгінде құрылғы тұрақты жұмыс істеп тұр.

Кешеннің ОСИ төрағасы Қуаныш Оспанов тұрғындар атынан партияға алғысын білдіріп, көппәтерлі үйлер мәселесін шешуде жобаның маңызы зор екенін мәлімдеді.

Өрт қауіпсіздігі мәселесі тұрғындарды ұзақ уақыт бойы алаңдатқан ең үлкен қиындықтардың бірі болды. Жобаның арқасында депутаттармен кездесу өтіп, бұл мәселе оң шешімін тапты, – деді ОСИ төрағасы.

Ол сондай-ақ жоба аясында ОСИ және ПИК қызметкерлеріне арналған арнайы курстан өткенін жеткізді. Оның сөзінше, оқу барысында жүйелі жұмыс жүргізуге бағытталған «Халық қатысатын бюджет» сынды бағдарламалармен танысқан. Нәтижесінде тұрғын үй ауласының жұмысы жанданып, жаңа ойын алаңдары пайда болған.

«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбектің айтуынша, бүгінде жоба арқылы 100-ден аса түйіткілді мәселе шешімін тапты. Олардың қатарында, тұрғын үй құжаттарын рәсімдеу, заңгерлік көмек сынды мәселелер де бар.

 

Наверх