Астанада академик Е.Д. Дәленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Институттың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, сенаторлар және басқа да мемлекеттік қайраткерлер қатысты.
Академик Е.Д. Дәленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты аурулардың бастапқы, қайталама, үшінші профилактикасының ғылыми-білім беру негізін құратын және дәлелді медицина қағидаттарына негізделген Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту әдістерін қолданады.
Сонымен қатар, жаңа институт профилактикалық медицина, салауатты өмір салты, қоршаған ортаны қорғау салаларында ғылыми зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.
Ерболат Дербісәліұлы Дәленов (08.09.1946 - 22.02.2023) - медицина ғылымының докторы, профессор, профилактикалық медицина және нутрициология кафедрасының меңгерушісі, Астана медицина университетінде профилактикалық медицина институтын құрудың бастамашысы, Қазақстан Республикасы профилактикалық медицина академиясы мен валеология академиясы және Нью-Йорк Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Медицина ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі.
450-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрді, оның ішінде 42 кітап, 10 монография, жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған қазақ және орыс тілдеріндегі валеология және биология оқулықтары, сондай-ақ дәрігерлер мен ғылыми қызметкерлерге арналған анықтамалық.