Полицияға қала тұрғыны ақшасы ұрланғаны жөнінде шағымданған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Алматы» ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ақша ұрлады деген күдікпен 25 жастағы қала тұрғынын ұстады.
Тергеу барысында күдіктінің Балқантау көшесінің бойындағы қонақ үйлердің біріне жәбірленушімен келгені анықталды. Содан бойжеткен танысының ұйықтап қалған сәтін пайдаланып, сырт киімінің қалтасынан 40 мың теңге ақшалай қаражатты ұрлап алып, кетіп қалған, - делінген Астана қаласы ПД Баспасөз қызметінің ақпаратында.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұрлық жасаған жас қыз кінәсін мойындады, оның елорда аумағында осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.