Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек инстаграм парақшасында өз өнімдерін шығаруға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға, қаланың дамуына жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін елорданың басты өндірістік алаңы туралы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Индустриялық парк – өз өнімдерін шығаруға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға, қаланың дамуына жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін елорданың басты өндірістік алаңы. №1 Индустриялық парктің өнеркәсіптік нысандарының инвестициялық портфелі шамамен 317 млрд теңге инвестиция сомасына 121 жобаны қамтиды. Оның ішінде 70 жоба толыққанды жұмыс істеп, 5700-ден астам жұмыс орны ашылды. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновпен бірге индустриялық парктің өндірістік қуатымен таныстық. Мысалы, телекоммуникациялық жабдықтарды шығарумен айналысатын «Digital System Service» ЖШС зауытын араладық. Ауданы 7,5 мың шаршы метр зауыт бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуді, дайын өнімді құрастыру мен орауды есептегенде, өндірістің толық циклін қамтамасыз етеді, - деп жазды қала әкімі.
Сол сияқты магистральдық тепловоздар құрастыратын «Локомотив құрастыру зауыты» кәсіпорнын аралады. Өндіріс іске қосылған сәттен бастап 611 локомотив құрастырылған, ал локализация деңгейі 75%-ға жетеді. Жобаға 30 млрд теңге инвестицияланып, 750-ге жуық жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, «Ashina KZ» ЖШС тігін фабрикасын, «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауытын да аралады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті қолдау, елдің өнеркәсіптік әлеуетін ашу үшін жағдай жасау бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Астананың жалпы өңірлік өнімінің (ЖӨӨ) көлемі 5,5 трлн теңгеге жетті. Шағын және орта бизнестің үлесі ЖӨӨ құрылымында 72%-ды құрайтынына назар аударған жөн. Осы жылдың 10 айында Астанаға шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды, ал өнеркәсіптік өндіріс көлемі де 7%-ға артты, - деп жазды Жеңіс Қасымбек.