"Новый театр" Халықаралық театр форумы елордалық М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
26-28 қазан аралығында қазақстандық театрлардың актерлері мен режиссерлері – форумға қатысушылар үшін сахналық сөйлеу (педагог Дмитрий Кошмин, Санкт-Петербург, Ресей), семсерлесу, (педагог ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сергей Матвеев, Астана, Қазақстан), режиссура және актерлік шеберлік (педагог Рача Махатаев, Астана, Қазақстан) бойынша мастер-класстар ұйымдастырылады.
Форум жұмысына театр сыншылары, атап айтқанда өнертану кандидаты Сания Қабдиева (Алматы, Қазақстан) және Антон Алексеев (Санкт-Петербург, Ресей) қатысады, олар "Қазақстан театрларындағы заманауи үрдістер" тақырыбында дәріс оқып, көрермендермен МАОДТ премьералық спектакльдерін талқылайды.
Айта кетейік, Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды іс-шара өткізілетін күндері бірнеше спектакльдің премьералық көрсетілімдері өтеді.
Бұл қойылымдар күрделі жөндеуден өткен театр ғимаратында 123-театр маусымының ашылуына арнайы дайындалды. Бұлар:
- 26 қазан 19:00 А. Чехов "Вишневый сад", комедия, реж. Р. Махатаев;
- 27 қазан 19:00 "Конец лета", трагикомедия, Т.Леттстің «Август: графство Осейдж» шығармасының негізінде, реж. А. Троянова;
- 28 қазан 18:00 Э. Ростан "Сирано де Бержерак", романтикалық драма, реж. С. Федотов.