Наурыз мерекесін тойлауда палау фестивалі де өтті. Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан аспаздары бір-бірінен ингредиенттермен ғана емес, сонымен қатар пісіру әдісімен де ерекшеленетін палаудың түр-түрін дайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Екі күн ішінде астаналықтар 2,5 тоннадан астам тәжік, саммарқандық, ташкенттік палауларының дәмін татты.
Астаналық орталық саябақта көктемнің басты мерекесі халықаралық деңгейде атап өтілді. Наурыз мерекесіне Иран мен Тәжікстан елшіліктері бірікті. Өз киіз үйлерінде ынтымақтас елдердің дипломатиялық өкілдері Наурыз көже рецептерімен бөлісіп, дәстүрлі тәттілермен бөлісті.
Түркі және парсы халықтары үшін ортақ мерекеге 2 күнде 15 мыңнан астам астаналық келді.
Мереке қонақтары үшін эстрада жұлдыздары мен би ансамбльдері өнер көрсетті. Мереке аллеясының бойында жеті қазынаның бірі – тазы, ұлттық киімдегі батырлар және халық әндерін орындайтын әншілер шеру етті.
Айта кетейік, биыл Қазақстанда Наурыз мейрамы 10 күн бойы аталып өтіліп жатыр. Мереке онкүндігінің әр күні салт-дәстүрлер мен Наурыздың терең мағынасын қамтитын белгілі бір тақырыпқа арналған.