Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде еліміздегі музейлерді бір цифрлық кеңістікке біріктіретін E-museum порталының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба Мемлекет басшысының мәдени мұраны сақтау және цифрландыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылды.
Презентацияда Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева музей саласының елдің мәдени-рухани дамуы мен тарихи мұрасын сақтаудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, цифрландыру музей ісінің халықаралық деңгейде танылуына және кең аудиторияға қолжетімді болуына жол ашады.
Қазіргі таңда Қазақстанда 280-нен астам музей мен музей-қорық жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам экспонат сақталған, ал жыл сайын музейлерге 6 миллионнан аса адам келеді.
E-museum порталы музей қорларын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіріп, мәдени құндылықтарды ғылыми сипаттауға және халықаралық мәдени кеңістікте танытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жоба шетелдік музейлер мен ғылыми ұйымдармен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Жобаны іске асыру нәтижесінде:
- 2023 жылы жүйеге 33 музей қосылып, 15 мыңнан астам экспонат цифрландырылды;
- 50 үшөлшемді модель әзірленді;
- 2024-2025 жылдары Қазақстанның барлық 20 өңірінен 252 музей жүйеге енгізілді;
- 66 мыңнан астам экспонат цифрлық каталогқа енгізіліп, 750 3D модель жасалды;
- көрермендерге арналған 15 виртуалды тур қолжетімді болды.
E-museum порталы өңірлік музейлердің әлеуетін арттырып, Қазақстанның мәдени мұрасын қашықтыққа қарамастан кең аудиторияға ұсынуға мүмкіндік береді. Жоба елдің халықаралық мәдени имиджін нығайтуға бағытталған.