Астанада "Мен, өзге және өзгесі" кітабының таныстырылымы өтті

22 Ақпан 2024, 17:23
535
Бөлісу:
Астанада "Мен, өзге және өзгесі" кітабының таныстырылымы өтті
Фото: turanews.kz

Түркиялық ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Ибраһим Калынның қазақ тілінде жарық көрген "Мен, өзге және өзгесі" атты кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кітаптың таныстырылымы кезінде автор Түркиядан бейнесәлемдеме жолдады. Онда өз еңбегін қазақ оқырмандарына жеткізуге еңбек етіп, күш салған Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-не қарасты Еуразия Ғылыми-зерттеу институтына алғыс айтты.

Он тараудан тұратын "Мен, өзге және өзгесі" атты ауқымды еңбекте Ислам әлемі мен Батыс әлемі арасындағы өзара қарым-қатынастың ұзақ та күрделі, қатпары қалың, қалтарысы көп тарихын зерделеуді мақсат еткен ғылыми еңбек. Жалпы 12 бөлімнен, 615 беттен тұратын бұл еңбекте автор Ислам мен Батыс тарихын бөліп-жарып қарастырмастан, исламдық және батыстық өркениеттің бір-бірімен байланыста болған тұстары мен кезеңдеріне тереңдей үңіліп, олардың бір-біріне жанамалай әсерінен гөрі, өзара ықпалдасу үдерісінің өткені мен бүгінгі мән-мағынасын көкейге қонымды түрде сипаттайды, - делінген ақпаратта.

Ибраһим Калын – түрік ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат. Ислам тарихы, Батыс пен Ислам әлемі қарым-қатынасы, Түркияның сыртқы саясатына қатысты бірқатар ғылыми еңбектердің авторы. Түркия Республикасы Президентінің ресми өкілі, Президент жанындағы Қауіпсіздік және сыртқы саясат комитеті төрағасының орынбасары және Президенттің Бас кеңесшісі төрағасының орынбасары қызметін атқарды және 2023 жылдан бастап Түркияның Ұлттық барлау қызметінің басшысы қызметін атқарып келеді.

Естеріңізге сала кетсек, аталмыш ғылыми еңбек Алматыдағы Еуразия ғылыми-зерттеу институты тарапынан қазақ тіліне аударылып, өткен жылдың 30-қарашасында Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының қолдауымен Алматыда оқырман қауымға таныстырылған болатын.

Өзгелердің жаңалығы