Ертең, 18 қазан күні таңертең елордадағы жеңіл рельсті көлік жүйесінің (LRT) №109 және №111 станциялары арасындағы учаскеде тұрақты электр кернеуі беріле бастайды, деп хабарлайды BAQ.KZ CTS компаниясына сілтеме жасап.
Компания мәліметінше, электрмен жабдықтау жүйесінің жабдықтары тұрақты жұмыс режиміне өтеді. Берілетін кернеу деңгейі 20 мың вольтқа дейін жетеді.
Құрылыс ұйымдары мен тұрғындардан қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз: байланыс рельстеріне, кабельдік желілерге және жабдықтарға жақындамаңыз. Сондай-ақ станциялар мен жолдар аймағына рұқсатсыз кіруге болмайды, – делінген CTS хабарламасында.
LRT – елорданың жер үсті қоғамдық көлік жүйесі. Қазір жоба жұмыстың және сынақтың соңғы кезеңінде тұр. Желілерді алғашқы сынақтан өткізу 2025 жылдың қыркүйегінде өткен. Қазан айында жаңа пойыз құрамдарын орнату және сынау жоспарланып отыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол жүру құны 200 теңге шамасында болады.