Астанада күзгі әскерге шақырылған жас сарбаздар Отанға адал қызмет етуге ант берді

18 Қараша 2023, 18:25
795
Бөлісу:
Астанада күзгі әскерге шақырылған жас сарбаздар Отанға адал қызмет етуге ант берді
Фото: gov.kz

68665 әскери бөлімі сарбаздарының ант қабылдау рәсімі Отан қорғаушылар монументінің жанындағы алаңда өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға әскери бөлім қолбасшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты.

Әскерге шақырылушылар бір ай ішінде жас жауынгер курсынан өтті. Олар әскери бөлімнің тарихымен және жауынгерлік дәстүрлерімен танысты. Жарғыларды, әскери техника мен қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларын, саптық және атыс дайындығының негіздерін зерделеді. Алғашқы атыстарды орындады.

Ант берген әскери қызметшілерді ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов құттықтады.

Ант қабылдау - патриоттық маңызға ие ерекше рәсім. Сіздер алғашқы күннен әскери істің негіздерін игердіңіздер. Алдағы бір жыл уақытта жауынгерлік дағдыларға ие болып, мінездерің қалыптасады. Сіздерге зор денсаулық тілеймін. Өз жетістіктеріңізбен туыстарыңыз бен жақындарыңызды қуанта беріңіздер. Олар сіздерді мақтан етсін. Отан игілігі үшін лайықты қызмет ете беріңіздер! - деді ол. Қостанай облысынан шақырылған қатардағы жауынгер Алдияр Валиев ант беру рәсімінен соң өз ойымен бөлісті.

- Отбасында екі баламыз. Ағам Шымкентте мерзімді қызметін өткерді. Мен ағамды үлгі тұтамын. Үлкен ағам мен ата-анам мені мақтан тұтуы үшін армиялық өмір мектебінен лайықты өткім келеді, - дейді ол.

Ұлдарын бір ай бойы көрмеген ата-аналар балаларының бойынан жақсы бір өзгеріс байқағанын айтып жатты.

Менің балам әскерге өз қалауымен барды. Ана ретінде мен оның бұл жауапты шешімді өз бетінше қабылдағанына қуаныштымын. Бізге салтанатты ант беру рәсімі ұнады. Бұл өте қызықты әрі ұмытылмас рәсім ретінде есімізде қалады, - дейді Қостанай қаласынан келген Никита Иванниковтың анасы.

Іс-шара салтанатты шерумен аяқталды. Одан кейін әскери бөлімнің қолбасшылығы сарбаздардың ата-аналарымен әңгімелесіп, оларды қызықтырған барлық сұрақтарға жауап берді.

Өзгелердің жаңалығы