Астанада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Конституцияның 30 жылдығына орай «Ата заң – Тәуелсіз ел тұғыры» атты мерекелік концерт өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қала әкімдігінің мәліметінше, мұнда 100-ге жуық зейнеткер өнерлерін ортаға салды. Астаналық ақ жаулықты әжелер түрлі ою-нақыштар бейнеленген ұлттық киімдердің сән үлгісін көрсетті.
Мерекелік концертті елорда тұрғындары мен қала қонақтары тамашалады.
1995 жылғы 30 тамыз Қазақстан халқы өз елінің Ата заңын қабылдаған күн. Конституция – азаматтардың құқығы мен бостандығының кепілі. Ұлттық құндылықтарымызды сақтап, құрметтеу арқылы біз елімізді күллі әлемге таныстыра аламыз. Ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық өнерімізді құрметтеп, насихаттау бүгінде әр қазақтың міндеті десек, артық болмас. Бүгінгі іс-шара Конституцияның 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Астаналық өнерлі әрі белсенді ата-әжелеріміз 14 музыкалық нөмір дайындады. Спортқа бейім зейнеткерлер скандинавиялық серуен бойынша көрініс қойды, сәнгер әжелеріміз киім үлгілерін көрсетті. Осылайша, олар астаналықтарға мерекелік көңіл күй сыйлады, - деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Әлеуметтік қызметтерді ақпараттық ілгерілету бөлімінің басшысы Меруерт Нұрғалиева.