Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Комиссия жұмысына Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етеді.
Төрағаның орынбасарлары ретінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева белгіленген.
Комиссия құрамына Парламент депутаттары, мәслихат төрағалары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, өңірлердегі қоғамдық кеңестердің, ғылыми орта мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері енген.
2025 жылғы 8 қыркүйекте Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында жасанды интеллект дәуірінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң ықпал ететін жаңа саяси реформаны жариялады. Мемлекет басшысы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде елімізде бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді. Өздеріңізге белгілі, парламенттік реформаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылғы қазан айынан бастап белсенді жұмыс атқарды, - деп атап өтті отырысты ашқан комиссия жетекшісі Эльвира Әзімова.
Сондай-ақ ол жұмыс тобының құрамына кімдер кіргеніне тоқталды.
Оның құрамына белгілі заңгерлер мен сарапшылар, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осы уақыт аралығында жұмыс тобы барлық ұсынымдарды мұқият зерделеп, жүйеледі, сондай-ақ азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды жан-жақты талдады. Азаматтар өз ұсыныстарында тек бір палаталы Парламент мәселесін ғана көтерген жоқ. Осыған орай, Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылдады, - деді ол.