Астанада коммуналдық қызмет мамандарына алғыс ретінде жаңа челлендж бастау алды. Оған танымал спортшылар қолдау көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Челленджге елордалық танымал спортшылар қосылып, күндіз-түні тоқтаусыз қар тазалайтын коммуналдық қызметкерлерге қолдау көрсетуді жөн көрді.
Бүгін таңертең Ғашықтар саябағына жиналған спортшылар елордамыздың игілігі үшін күнделікті еңбек етіп жүрген мамандарға ыстық шай мен бауырсақ үлестірді.
Бүгін таңымыз ерекше атты, өйткені біз спортшылармен және шығармашылық саланың мамандарымен жиналып, қаламыздың тазалығы жолында еңбек етіп жүрген жандарды қуантуды жөн көрдік», - деді «SD Family» футбол клубының негізін қалаушы Дидар Сыдықбек.
Бұдан бөлек, спортшылар қар тазалауға атсалысып, көмек көрсетті. Бұл шара – коммуналдық саланың қызметкерлеріне деген сыйластықтың белгісі.
Қаламыздың тазалығы жолында коммуналдық қызметкерлердің еңбегі зор. Алғысымызды білдіру үшін спорттағы әріптестермен бас қосып, жұмысшыларды ыстық шаймен, бауырсақпен қуантуды жөн көрдік», – дейді ауыр атлетикадан жастар арасындағы әлем чемпионы Едіге Емберді.
Бұл бастаманы Ұлжан Рақышева, Биғали Зкрияев, Ерболат Бекболатов, Саян Жанділдин және Жанболат Ибрагимов сынды спортшылар да қолдады.
Алдағы уақытта акция қаланың барлық ауданын қамтып, ай сайын өткізілетін болады.