Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әкім 26 наурызда ЖКО салдарынан зардап шеккендерді құтқаруға атсалысқан денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетті. Бақыт Сұлтанов жедел жәрдем және қалалық емханалар қызметкерлерінің кәсіпқойлығы мен жеделдігіне өзінің жоғары бағасын берді, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Бүгін әкім Бақыт Сұлтанов жол-көлік апатынан зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетуге қатысқан медицина қызметкерлерімен кездесті. Кездесуді ашқан қала әкімі жергілікті дәрігерлер апат, өрт және басқа да жазатайым оқиғалар кезінде мыңдаған адам өмірін құтқарғанын еске алды.
Жыл басынан жедел жәрдем қызметі 155 мыңнан астам қоңырауды қабылдап, қызмет көрсеткен.
«Медицина қызметкерлері 26 наурызда болған апатта кәсіпқойлық пен жеделдіктің жоғары деңгейін көрсетті. Қайғылы оқиға орнына төрт минут ішінде жедел жәрдем бригадасы келіп, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаларға жеткізді. Жедел жәрдем қызметкерлері мен қалалық ауруханалардың шебер және кәсіби әрекеттерінің арқасында біз көптеген адамның өмірін сақтап қалдық», - деді Бақыт Сұлтанов.
Оқиға орнында барлығы 15 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеді.
«Сол қайғылы күні біздің еліміздің әрбір азаматы біреудің қайғысына ортақтаса алатынын, оған бей-жай қарамайтынын көрсетті. Өз өміріне қауіп төнгендігіне қарамастан, олар адамдарды автобустардан алып шығуға көмектесті. Олардың бірі – №303 автобус бағдарының жүргізушісі Бақдәулет Әлібек. Ол оқиға орнына жақын жерде болған», - деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.
Әкім дәрігерлерге, медбикелерге, барлық азаматтарға кез келген уақытта көмек қолын созуға және эмоционалдық қолдау көрсетуге дайын екендігіне үлкен ризашылығын білдірді. Кездесу соңында Бақыт Сұлтанов 14 денсаулық сақтау қызметкеріне, сондай-ақ, зардап шеккендерді құтқаруға көмектескен жүргізушіге алғыс хаттар табыс етті. Еске сала кетейік, 26 наурызда Ұлы-Дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында үш автобус пен бірнеше жеңіл автокөліктердің қатысуымен үлкен жол көлік оқиғасы орын алған болатын. Апат салдарынан екі адам қаза болып, 29 адам жарақат алды.