Астанада өткен конференцияда грэпплингтен әлем чемпионатын өткізу мәселесі талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, турнир Астанада 7-12 қазан аралығында өтеді.
United World Wrestling Техникалық Делегаты Антонио Родригес Маналистің, Дүниежүзілік грэпплинг комитетінің мүшесі Қанат Алиннің, сондай-ақ жарыстың бас төрешісінің жетекшілігімен конференция өтті. Әлем чемпионатын өткізудің ұйымдастырушылық сәттерін, спортшыларды орналастыру мен тамақтандыруға байланысты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, күн тәртібінде грэпплинг бойынша халықаралық ережелерді өзгерту тақырыбы болды, – деді Грэпплинг Қауымдастығының президенті Қанат Алин.
Естеріңізге сала кетейік, жарыс бүгін, 7 қазанда басталып, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында 12 қазанға дейін жалғасады. Чемпионат барлық жас топтары – U15, U17, U20, ересектер мен ардагерлер арасында Grappling және Grappling Gi бойынша өтеді. Турнирге әлемнің 30-дан астам елінен 1800-ге жуық спортшы қатысады.