Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада ЕҰУ зерттеушілері ЖИ жобаларын таныстырды

30 Қыркүйек 2025, 21:49
537
Бөлісу:
 ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде AI-Sana апталығы аясында өткен AI Expo көрмесінде жасанды интеллект саласындағы бірқатар ерекше жобалар таныстырылды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көрмеде ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдарға арналған «Инклюзивті гид», мәтінді қазақ жесттік тіліне 3D-аватар арқылы аударатын SignBridge, қоршаған ортаны зиянды заттардан қорғауға арналған E-nose жасанды иіс сезу жүйесі, дауыстың жалғандығын анықтайтын интеллектуалды жүйе, студенттер мен оқытушыларға арналған E-Curator чат-боты және онлайн оқытуға арналған лектор-аватар сияқты жобалар көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, университет басшылығы, IT мамандары мен студенттер қатысты. Вице-министрдің айтуынша, AI-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңға жуық студент жоғары технологиялық жобаларға тартылып, 95 университетте жасанды интеллект пәндері енгізілуде. Жақын уақытта Alem AI халықаралық орталығы ашылады.

ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов көрмені «қазақ университеттерінің жасанды интеллект дәуіріне қадамының символы» деп атап, мұндай шараларды дәстүрлі түрде өткізуге ұсыныс білдірді.

Жобалардың ішінде ерекше назар аудартқандары:

  • Инклюзивті гид – көру қабілеті бұзылған адамдарға ғимарат ішінде бағдарлануға көмектесетін құрылғы. Интернетсіз жұмыс істейді, 5 сағат автономды режимде істей алады.
  • E-Curator чат-боты – оқу, жатақхана, құжат рәсімдеу, әлеуметтік қолдау бойынша сұрақтарға тәулік бойы жауап береді. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді.
  • SignBridge – мәтінді қазақ жесттік тіліне 3D-аватар арқылы аударады.
  • AI лектор-аватар – автоматты түрде бейнелі дәрістер жасап, эмоция мен қимылдарды синтездейді.
  • Дауысты жалғандыққа тексеру жүйесі – алаяқтыққа қарсы қолданылатын, синтетикалық сөйлеуді анықтайтын технология.
  • KOMEK бағдарламасы – қазақ тіліндегі оқыту және тестілеу жүйесі, білімдегі олқылықтарды жасанды интеллект көмегімен толықтыруға бағытталған.

Көрме аясында студенттер арасында AI сторителлинг байқауы өтіп, үздіктер грамоталармен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы