Ауа райының күрт жылынуына байланысты Астанада Есіл өзенінің жағалауында орналасқан мұз айдыны мен сырғанақтардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мамандардың мәліметінше, жылыну салдарынан өзендегі мұздың қалыңдығы азайған. Қазіргі таңда мұздың орташа қалыңдығы 22 см, ал кейбір учаскелерде 35-37 см-ге жетеді.
Қауіпсіздік мақсатында тұрғындарға жаңа жыл мерекелері кезінде өзен үстіне шықпау ескертілді. Мұз ТЖД белгілеген нормативке жеткен соң нысандар қайта іске қосылады.
Қалада жолдар мен тротуарларға тәулік бойы техникалық тұз себіліп жатыр. Әкімдік тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.