Астанадағы "Орбита" тұрғын үй кешенінде 19 маусым күні ауыр қылмыс жасалды. Ер адам өзінің азаматтық некедегі әйелін балалардың көзінше пышақтап, артынша 25-қабаттан секіріп кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам 27 жастағы әйелге төрт рет пышақ жарақатын салған. Кейін көпқабатты үйдің 25-қабатынан секіріп, төмендегі автокөліктің үстіне құлаған. Ол ауыр жарақат алғанымен, тірі қалғаны хабарланып отыр.
Қайғылы оқиғаның себебі ретінде қаржылық келіспеушілік себеп болуы мүмкін деген болжам айтылуда.
Марқұм әйелдің артында 7 және 10 жастағы екі ұлы қалды.
Орын алған жан түршігерлік оқиғаға қатысты Астана қалалық Полиция департаментінен түсініктеме алдық.
Оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Алдын ала мәлімет бойынша, ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, оның соңы қанды оқиғаға ұласқан, - деп жауап берді қалалық ПД ресми өкілі Эльмира Шауленова BAQ.KZ тілшісінің сауалына.
Айта кету керек, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпараттар ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.