Жалпы аумағы 200 шаршы метр болатын мозайкалық туындыны «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының белсенділері мен қала тұрғындары жасап шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Хабар 24» арнасының мәліметінше, «Болашақтың қаласы» деп аталатын картинада елорданың келешектегі келбеті салынған. Тіпті пазлдағы суреттердің өз ерекшелігі мен астарлы ойы бар.
1500 дана мозайка бөлшектерінен тұратын пазлды құрастыру үшін 50 адам білек сыбана кірісті. Идея авторы Астананың келешектегі келбетінен бөлек, бас шаһардың бүгінгі түйіткілді мәселелерінің шешім тапқан көрінісін туынды арқылы көрсеткен. Мысалы, жыр болған LRT құрылысы, кіші Талдыкөлдің тағдыры, 5G жылдам интернет желісі сияқты бас-аяғы 30-ға жуық проблеманы алып, мозайкалық пазлда бейнелеген.
Қазақстандағы ең үлкен пазлды құрастырып жатырмыз. Оның өлшемі – 200 м2. Біз әртүрлі қаланың мәселелерін алдық және оның шешу жолдарын салдық осы пазлға. Мен өзім жалпы дизайнер болып табыламын. Біздің қозғалыстағы белсенділермен бірге осы суреттің эскизін салдық, - деді Мирас Ахметов.
Идея авторы мен «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының белсенділері мозайкалық туындыны әзірлеу үшін 2 ай уақыт жұмсаған.
«Жаңа адамдар» жастар қозғалысының белсенділері келешекте бұл мозайкалық туындыны қаланың көрікті жеріне орналастыруды көздеп отыр.