Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша, ай сайынғы норма 22 мм болған жағдайда, Астанада тек соңғы үш күнде 37,6 мм қар жауды.
Коммуналдық қызметтер толықтай күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. Қар күреу жұмысына күн сайын 2,2 мыңнан астам жол жұмысшы, мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.
17 сәуірге қараған түні елордадан 23 мың текше метрден астам қар немесе 1 671 жүк көлігі шығарылды. Қыс мезгілінің басынан бері бүгінгі күнге дейін полигондарға 4 миллион текше метрге жуық қар шығарылды, бұл 318 мыңнан астам рейс.
Ауа райының нашарлауына байланысты қалада көлік қозғалысының қарқындылығы төмендеді. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жүргізушілер мен жолаушылар өте мұқият болуы, қауіпсіз қашықтықты сақтауы қажет.