Астанада мектеп директоры мен бас есепшіге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот С.-ның мектеп директоры бола тұра, бас есепші А.-мен бірлесіп, өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, 2015 жылдың қазаны мен 2024 жылдың тамызы аралығында мекемеде іс жүзінде еңбек қызметін жүзеге асырмаған алты тазалықшыны негізсіз табельге енгізгенін анықтады.
Нәтижесінде 29 млн теңгеге жуық ақшалай қаражат жымқырылып, ысырап болған.
Бұдан бөлек, С. 2015-2024 жылдар аралығында адамдар шеңберін заңсыз және жеке өзі анықтай отырып, 501 білім алушыға жалпы сомасы 183 млн теңгеге білім беру қызметіне ақы төлеуге жеңілдіктер беру туралы бұйрықтар шығарған. Бұл ретте, мектеп жарғысына сәйкес, оқу ақылы негізде жүргізілгендіктен, мұндай жеңілдіктерді беру қарастырылмаған. Осылайша, С. басқа тұлғалар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында өзінің қызметтік өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланған, бұл мектептің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соқты, деп хабарлады Астана сотының баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, 2018 жылғы 1 қаңтар мен 2024 жылғы 31 мамыр аралығында С. мен А. мектеп жанынан «0» сыныптарын ұйымдастырып, ата-аналардан ақылы қызметтер көрсеткені үшін бақылау-кассалық техниканы қолданбай, қолма-қол ақша қабылдап отырған. Алынған қаражат мектептің есепшотына аударылмаған және бухгалтерлік есепте көрсетілмеген. Нәтижесінде олар 305 млн теңге сомасындағы қаражатты жымқырып, ысырап қылған.
Сонымен қатар, С. 2021–2024 жылдар аралығында ММ (КГУ) есебінде жоқ жазғы лагерь қызметтері үшін алынған 25 млн теңге сомасындағы аса ірі мөлшердегі қаражатты иемденген.
Сондай-ақ, 2017 жылдың қазанынан 2024 жылдың мамырына дейін С. мектептің шетелдік оқытушыларының еңбекақысын жасанды және формальды түрде асыра көрсету арқылы делдалдар көмегімен мекеменің жалпы сомасы 75 млн теңге қаражатын жымқырғаны анықталды.
А. 2017-2024 жылдар аралығында қылмыстық жолмен иеленген бюджет қаражатын өзінің депозиттік шотына шамамен 176 млн теңге аудару арқылы заңдастырып, 9 млн теңге көлемінде есептелген сыйақы алған.
ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағының санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады. ҚК 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағының санкциясы 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады. ҚК 218-бабы 1-бөлігінің санкциясы 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайларды ескерді: С.-ның зейнет жасында (65 жас) болуы, А.-ның үш жас баласының болуы. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Жасалған ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысының мән-жайларын, өтелмеген аса ірі мөлшердегі залалды, 2015 жылдан 2024 жылға дейінгі қылмыстың ұзақтығын ескере отырып, сот сотталушы С.-ға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ оның екі қабатты тұрғын үйі, тұрақ орны мен зергерлік бұйымдары түріндегі мүлкі тәркіленді. А.-ға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның автокөлігі, тұрақ орны мен зергерлік бұйымдары тәркіленді. Үш жас баласының болуына байланысты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу 1 жылға кейінге қалдырылды. Азаматтық талап арыз 588 млн теңге сомасында қанағаттандырылды, - деп хабарлады Астана сотының баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.