Елорданың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс жүргізіп жатыр. Қар тазалау үздіксіз жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
21 желтоқсан күні коммуналдық қызметтер елордадан 34 мың текше метрден астам қарды 2 833 рейспен алып шықты.
22 желтоқсанға қараған түні қар күреу жұмысына 343 жол жұмысшы мнн 1 264 арнайы техника жұмылдырылды.
Қыс мезгілінің басынан бастап полигондарға қаладан 102 654 рейс арқылы 1,3 млн текше метрге жуық қар шығарылды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз, - деп жазды әкімдіктен.