Астана қаласында қар тазалау жұмысына күндізгі уақытта 2,2 мыңнан аса жол жұмысшысы жұмылдырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
9 наурыз күні қала бойынша 2,2 мыңнан аса жол жұмысшысы мен 1,1 мыңнан аса арнайы техника жұмылдырылды.
Өткен түнде 1,2 мыңнан аса рейс арқылы қаладан полигондарға 17,4 мың текше метр қар шығарылды, - деп жазылған хабарламада.
Қыс мезгілінің басынан бастап полигондарға 445,3 мың рейспен 6 млн текше метрден астам қар шығарылды.
Астанада қар күреу жұмысы тәулік бойы ауысымдық режимде жүргізіледі. Бірінші кезекте орталық көшелерде, жолаушылар көлігі жүретін жолдарда, аялдамалар мен тротуарларда тазалау жұмысы жүргізіліп жатыр.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.
Айта кетері, "Қазгидромет" РМК мәліметі бойынша, Астана қаласында 9 наурызда күндіз жауын-шашын, ал түнде және таңертең тұман болады деген болжам жасалды.