Мәжілісте “Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту” тақырыбындағы парламенттік тыңдауда Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордада ақылды бейнебақылау камералары орнатылатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қала мэрінің сөзіне қарағанда, елордада бейнебақылау инфрақұрылымы ауқымды түрде жаңғыртылып келеді.
Бүгінде полицияның Жедел басқару орталығына 37 мыңнан астам камера қосылған, олардың көмегімен әрбір үшінші қылмыс ашылып жатыр.
Жыл соңына дейін қосымша 20 мыңнан астам жаңа интеллектуалды бейнебақылау камералары орнатылады. Олар жасанды интеллектке негізделген 35-тен астам бейнеаналитика алгоритмдерімен жабдықталады. Соның ішінде бет-әлпетті және мінез-құлықты тану, көлік қозғалысын талдау, төтенше жағдай қызметтерін автоматты түрде хабардар ету мүмкіндіктері бар, - деп айтты Қасымбек Мәжілісте.
Жобаны іске асыруды әкімдік жыл соңына дейін аяқтамақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Астананың Smart City тұжырымдамасын енгізу тәжірибесі еліміздің басқа өңірлерінде де кеңінен қолданылады, - деді қала әкімі.