Астанада бес жасар бүлдіршін ауладағы ашық тоққа түсіп, жансақтау бөліміне жеткізілді

Астана полициясы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады.

 BAQ.KZ архиві / Арман Мухатов 19 Тамыз 2026, 00:29
19 Тамыз 2026, 00:29
90
Фото: BAQ.KZ архиві / Арман Мухатов

Астанада тұрғын үй ауласында ашық жатқан жоғары кернеулі электр кабелі бес жасар баланың ауыр жарақат алуына себеп болды. Бала денесінің шамамен 25 пайызы күйіп, жансақтау бөліміне жеткізілген.

Оқиға елордадағы А105 көшесіндегі тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында болған. Бұл аумақта құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал құрылыс нысанына тартылған электр кабелі балалар ойнайтын жерге жақын орналасқан.

Тұрғындардың айтуынша, қауіпті сым туралы жауапты органдарға бұған дейін бірнеше рет хабарланған. Олардың сөзінше, шағымдардан кейін кабель ажыратылып, үсті топырақпен жабылғанымен, қауіп толық жойылмаған.

Оқиғадан кейін бала медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлер электр жарақаты кезінде сыртқы күйікпен қатар ішкі ағзалардың да зақымдануы мүмкін екенін атап өтті. Баланың жағдайы кейін біршама тұрақталғанымен, ол әлі де дәрігерлер бақылауында.

Астана полициясы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында электр кабелінің не себепті қауіпсіздік талаптарына сай орналастырылмағаны және тұрғындардың бұған дейінгі шағымдары неге тиісті деңгейде шешілмегені анықталмақ.

Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, құрылыс компаниясына кабельді тиісті талаптарға сай орналастыру қажеттігі бұған дейін ескертілген. Оқиғадан кейін электр желісі ажыратылып, кабель қауіпсіз жерге көмілгені хабарланды.

Құрылыс компаниясы өкілдері баланың еміне байланысты шығындарды өтеуге дайын екенін мәлімдеді.

Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Наверх