Астанада байдарка мен каноэде ескек есуден жасөспірімдер бәсекесі өтті

19 Шілде 2024, 18:34
416
Бөлісу:
Астанада байдарка мен каноэде ескек есуден жасөспірімдер бәсекесі өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты

Байдарка мен каноэде ескек есуден 2010-2012 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасында қалалық бәсеке өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Байдарка мен каноэде ескек есу спорты қоғамда аса танымал болмағанымен, отандастарымыз 1996 жылдан бері жазғы Олимпиада ойындарына тұрақты түрде қатысып келе жатыр.

Сондықтан да бұл спорт түрі республикамыздың бірнеше өңірінде кеңінен дамып, тұрақты түрде қолға алынған.

Солардың бірі - Астана қаласындағы №4 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі. Бүгін дәл осы мектептің 60-тан аса оқушысы қала күніне орай ұйымдастырылған жарысқа қатысып, 200, 500 метр қашықтықта өзара жүлдегерлерді анықтады.

Астанада байдарка мен каноэде ескек есуден жасөспірімдер бәсекесі өтті

Байдарка мен каноэде ескек есу спорты қымбат болғанымен, елімізде айналысу тегін. Көбінесе мектебімізге 11-12 жастан бастап, оқушыларды қабылдаймыз. Басты талап — денсаулығы дұрыс болу керек. Сондықтан кей балалардың ғана жолы болады. Оларды қызықтыру керек. Күнделікті 2 мезгіл су бетінде ескек есу қиын болуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе, енді ғана спортты қолға алған жасөспірім бейімделіп кетеді, - деді жасөспірімдердің жаттықтырушысы Ғалымжан Бекежан.

Жазғы демалыс уақытында оқушылар аптасына 5 мәрте жаттығып, әр мерекеге орай түрлі жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Байдарка мен каноэде ескек есу физикалық күшті талап ететіндіктен, қатысушылар жыл 12 ай үнемі дайын болуы керек. Сондықтан жасөспірімдер жазда су бетінде жүрсе, қыста бассейн, шаңғы тебу, жаттығу залында дайындалады.
Бір қызығы, бұл спортқа суға жүзумен айналысатындар арасында бет бұратындар көп.

Бастапқыда суға жүзумен айналысқан едім. Кейін үйдегі ата-анамның қалауымен осы спортқа 1 ай бұрын ауыстым. Олимпиада, әлем чемпионатына қатысу сынды үлкен мақсаттарым жоқ. Ең бастысы — денемді шынықтырып, салауатты өмір салтын ұстану, - деп 14 жастағы Александр өз пікірін білдірді.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасында бұл спорт түрінен әлемнің 58 мемлекеті 16 жүлде жиынтығын сарапқа салады. 

Өзгелердің жаңалығы