Астанада Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Есіл және Нұра аудандарының балаларға медициналық көмек көрсететін травматологиялық пункті ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталық бүгін таңғы сағат 8-ден бастап Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, тәулік бойы елорданың сол жағалаудағы халыққа қызмет көрсетеді.
Айта кетерлігі, жаңа бөлімшенің іске қосылуы қаладағы балалар арасында жарақат алу деректерінің жылдан-жылға көбейіп келе жатқанымен тікелей байланысты.
Травматологияда қазіргі таңда 5 дәрігер, 14 медбике және шамамен 18 санитар жұмыс істейді.
Қазір қалада балаларға арналған травматологиялық пункттердің жетіспеушілігі қатты сезіліп отырғанын ескеріп, Денсаулық сақтау министрлігі мен жауапты органдар тарапынан бізге өз базамызда балалар травмпунктін ашу тапсырылды. Біз сол тапсырманы орындап, бөлімшені іске қостық. Қазіргі таңда №2 қалалық балалар ауруханасының бір ғана ірі травматологиялық пункті жұмыс істеп тұр, жүктемесі өте жоғары – күніне 500 адамнан асады. Тіпті кей күндері 636 адамға дейін жүгінген жағдайлар болған. Осыған байланысты біз қазір сол жағалаудың барлығын өз мойнымызға алдық, яғни бұл – Есіл мен Нұра аудандары. Осылайша, бізде күніне шамамен 250–300 келуші болады деп жоспарлап отырмыз. Яғни жалпы ағынның жартысын толық өзімізге аламыз. Соның арқасында, өздеріңіз түсінесіздер, кішкентай балалар үшін күту уақыты азаяды. Екіншіден, ең маңыздысы – науқасты жеткізу қашықтығы қысқарады. Үшіншіден, біздің клиника заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, сондықтан барлық осындай жағдайлар бізде толық әрі сапалы диагностикаланады, - деп атап өтті Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы Ержан Әділбеков.
Қала халқының саны артып отырғандықтан, қазір жұмыс істеп тұрған травматологиялық бөлімшелердің жүктемесі де айтарлықтай жоғары.
Мәселен, 2026 жылғы 26 қаңтарда қалалық травматологиялық пункттерге барлығы 606 адам жүгінсе, соның 361-і, яғни 59,5 пайызы балалар болған.
Жаңадан ашылған балалар травматологиялық пункті қолданыстағы бөлімшелердің жүктемесін едәуір жеңілдетіп, қаланың сол жағалауында тұратын тұрғындар үшін жедел медициналық көмектің қолжетімділігін арттырмақ.
Қазіргі таңда барлық ұйымдастыру және кадр мәселелері толық шешілген. Пункт заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған, сондай-ақ көлікпен қатынау да ыңғайлы етіп ұйымдастырылған. Бөлімше науқастарды қабылдауды бастап, қаладағы балаларға жедел медициналық көмекті сапалы, жылдам әрі тиімді түрде көрсетуге мүмкіндік беріп отыр, - деді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының медицина жөніндегі Басқарма төрағасының орынбасары Батыр Айтмолдин.
Қазіргі таңда өзіміздің балаларға арналған төсек-орындар жоқ болғандықтан, біз жансақтау палатасын ұйымдастырдық. Егер ауыр халдегі бала түссе, оны алдымен осында қалдырып, жағдайы тұрақтанғанға дейін бақылаймыз, содан кейін әрі қарай екінші қалалық балалар ауруханасына тасымалдаймыз, - деп түсіндірді Травмпункт басшысы Алексей Солод.
Травмпункт әзірге амбулаториялық сипатта жұмыс істейді. Десе де, травмпункт заманауи, кең, яғни барынша балаларға ыңғайлы етіп, дизайн жағынан да соған лайықтап жабдықталған.
Қазір біз жоғары білікті балалар травматологтарын жұмысқа қабылдадық. Қолымызда балалармен жұмыс істеуге сертификаты бар 11 анестезиолог бар. Травматологиялық бейіндегі барлық медициналық көмектің толық көлемі көрсетіледі, - деді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының медицина жөніндегі Басқарма төрағасының орынбасары Батыр Айтмолдин.
Травмпункттің ашылуына келген БАҚ өкілдері алғашқы пациентті қабылдау сәтінің де куәсі болды. 14 жастағы Астана тұрғыны футбол ойнап жүріп, аяғын қайырып алған. Ол анасы Нигора Ергашевамен бірге жедел жәрдем арқылы тұсауы жаңа кесілген травмпунктке тексеріске келді.
Дәрігерлер пациентті тексеріп, рентген түсіру бөлмесіне алып кетті.
Жалпы, травмпунктте күн сайын екі травматолог кезекшілік етеді: бөлім меңгерушісі және ординатор-дәрігер көмек көрсетеді.
Статистика бойынша, жарақаттар – алдымен соғылу, сырылу, сызаттар. Яғни ең жиі кездесетіні осы. Дәрігерлердің айтуынша, мұнда алғашқы хирургиялық көмек көрсетіледі. Егер жара болса, тігіп, соғылу болса, қарап, тиісті ем жасалып, буын шығып кеткен жағдайда, орнына салынады.
Егер хирургиялық араласуды қажет етпейтін сынулар болса, олар осында таңылады. Гипс немесе арнайы лангет салынып, әрі қарай амбулаториялық емге жіберіледі.
Егер күрделі операция қажет болса, екі нұсқа бар: егер науқас өте ауыр, жағдайы тұрақсыз болса, қажетті мамандарды шақырылып, көмек осы орталықтың қабырғасында көрсетіледі. Ал егер тасымалдауға келетін жағдайда болса, 103 желісі арқылы бұл науқастарды екінші қалалық балалар ауруханасына жіберіледі.