Ауыз су — денсаулықтың бастауы. Алайда оның сапасы мен қауіпсіздігі жай ғана дәмі мен түсіне емес, арнайы зертханалық тексерулерге байланысты анықталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары ауыз судың құрамына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, оның адам денсаулығына қауіпсіз екеніне көз жеткізіп отырады.
Су қандай жағдайда "қауіпсіз" саналады?
Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшының орынбасары Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, сапалы ауыз су үш негізгі талапқа сай болуы керек:
- Эпидемиялық тұрғыдан қауіпсіз болуы – яғни, су құрамында адамға зиян келтіретін микробтар, вирустар мен паразиттер болмауы тиіс.
- Радиологиялық қауіпсіздігі – радиоактивті элементтердің қауіпті мөлшерден аспауы шарт.
- Химиялық және органолептикалық көрсеткіштері – су мөлдір, түссіз, иіссіз және дәмсіз болуы керек.
Судың иісі, түсі немесе дәмі өзгерсе, бұл – дабыл. Мұндай жағдайда су құрамын зерттеу қажет. Ауыз су тек қана шөл басу үшін емес, денсаулықты сақтау үшін де маңызды, - дейді Мұхамғали Арыспаев.
Қай жерде сәйкессіздік анықталды?
Биылғы зертханалық зерттеулердің қорытындысына сәйкес, Астанадағы ауыз судың сапасы негізінен талаптарға сай, дегенмен кейбір көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктер тіркелген.
2025 жылдың ағымдағы кезеңінде микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік 16 пайызды, ал санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша 24 пайызды құрады, - деп мәлімдеді департамент өкілі.
Дегенмен бұл жағдайлар бақылаусыз қалған жоқ. «Астана су арнасы» мамандары суды дезинфекциялау және жүйелерді жуу жұмыстарын жүргізіп, кейінгі сынамалар нормаларға толық сәйкес келгенін растады.
Қауіпсіз судың артында кімдер тұр?
Ауыз судың сапасын бақылау жүйесі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сүйенеді.
Бұл ретте зертханалық бақылау жұмыстары су қабылдау орындарында, тарату желілерінің басында және тұтынушыға жеткенше әр кезеңде жүзеге асырылады.
Мамандардың айтуынша, тек таза және қауіпсіз су ғана халықтың өмір сүру сапасын арттыра алады.
Судың сапасы – өмірдің сапасы. Сондықтан әрбір тұрғын өз денсаулығын қорғау үшін тек сенімді су көздерін пайдалануы керек, - дейді Мұхамғали Арыспаев.
Мамандар ескертеді: егер тұрмыстық суыңыздың дәмі немесе иісі өзгере бастаса, оны пайдалануды тоқтатып, тиісті мекемеге хабарлау қажет.
Қысқаша айтқанда, ауыз су тек мөлдір сұйықтық емес — ол адам өмірінің қауіпсіздігі мен елдің санитарлық әл-ауқатының айнасы.