Астанада халықаралық әуежай жанында өрт болды. Елордалық ТЖД мәліметінше, тілсіз жау қамысты шарпыған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елордалық төтенше жағдайлар департаменті деректері бойынша өрт сөндірушілердің жеке құрамы 13 сәуірде сағат 12:28 шамасында оқиға орнына шыққан.
Оқиға орнына келіп жеткенде 1 гектар жердей аумақта қамыс пен кепкен шөптің өртеніп жатқаны анықталды. Қазір жеке құрамнан 14 адам және үш техника өртті сөндіруге жұмылдырылды, - делінген Астана ТЖД таратқан хабарламада.
Ғаламтор қолданушылары өрттен шыққан түтін елорданың әр бөлігінен көрінгенін, өрттің ауқымды болғанын айтады.
Еске салсақ, 2-6 сәуір аралығында Атырауда да қамыс пен шөп өртенген еді. Сол кездері бес күнге жалғасқан өрт салдарынан қаланы түтін басып, мектептерде сабақ болмады.