Қорғаныс министрлігі осындай ресми мәлімдеме таратты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылғы 3-4 шілдеде Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитін өткізу кезінде Астана қаласында елорданың әуе кеңістігін күзету күшейтіледі, - делінген хабарламада.
Осыған байланысты 28 маусым мен 1 шілде аралығында Қарулы күштер авиациясының ұшу қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес жаттығу ұшулары өткізіледі.
Қорғаныс министрлігі Астана тұрғындары мен қонақтарынан өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауды сұрады.
Еске сала кетейік, 3-4 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтеді. 4 шілдеде Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның төрағалығымен ШЫҰ саммиті басталады.
Еліміздің бас қаласына бірқатар елдің басшылары келеді.
Саммитке 16 елдің: Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Катар, БАӘ, Түркия және Түрікменстанның мемлекет және үкімет басшылары қатысады.