Астанада әскери қызметшілердің отбасылары арасында шаңғы жарысы өтті

Бүгiн, 17:19
171
Бөлісу:
Астанада әскери қызметшілердің отбасылары арасында шаңғы жарысы өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ақпан айының алғашқы күнінде Қарулы күштердің Тыл бастығы басқармасы мен 23366 және 01785 бағынысты әскери бөлімдері қосылып Астана орталық саябағында спорттық іс-шара ұйымдастырды.

12 команда қатысқан 2,5 шақырым жарыс жолы үш кезеңге бөлінді. Балалар шаңғымен 200, аналар – 500, әкелер – 1800 метрден өтті.

Жарысқа қатысушыларға Қарулы Күштер тыл бастығының бірінші орынбасары – штаб бастығы полковник Заңғар Омаров сәттілік тіледі.

– Біздің қызметіміздің ерекшелігіне байланысты әскери қызметшілер әрқашан отбасы мүшелерімен бірге уақыт өткізуге мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан бүгін біз бұл сайыстарды жарысқа қатысушылар өзара түсіністікті нығайтып, бір-бірімен достық пейілде бір алаңда бас қосуы үшін ұйымдастырдық, – деді ол.

Жарыс қорытындысы бойынша әскери қызметші подполковник Евгений Ерастовтың отбасы жарыс жолын ең жылдам жүріп өтті. Екінші орынды 3-сыныпты сержант Дамир Құнанбаевтың отбасы иеленсе, құрмет тұғырының үшінші сатысына майор Мейірбек Атбаевтың спорт командасы көтерілді. Шаңғы жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне грамоталар табысталды. Одан бөлек қатысушылар үшін ең жақсы марапат жақсы көңіл-күй болғаны анық. Жанкүйерлік етіп келген жандар жалықпауы үшін ұйымдастырушылар сырғанау, ашық ойындар және басқа да қысқы ойын-сауықтар түрлерінен түрлі сайыстарды қарастырған.

– Тыл басшылығына жоғары дәрежеде ұйымдастырылған жарыс үшін алғыс айтамыз. Бұл жерде балалар ата-аналарымен бірген сынға түсіп көруге мүмкіндік алды. Әскерилердің отбасымен бірге уақыт өткізуіне мұндай іс-шаралардың тигізер пайдасы мол, – деді әскери қызметшінің жұбайы Елена Ерастова.

Іс-шараға қатысушыларды жылыту үшін шатыр орнатылып, тәтті тоқаштар мен бауырсақ қосылған ыстық шай ұсынылды.

Өзгелердің жаңалығы