Астанада әскери дипломаттарға арналған брифинг өтті

24 Ақпан 2023, 19:14
1007
Бөлісу:
Астанада әскери дипломаттарға арналған брифинг өтті

Аталмыш шара Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтың басшылығымен Ұлттық қорғаныс университетінде өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Дипломатиялық корпус өкілдері Қорғаныс министрлігінің 2022 жылғы қызметінің негізгі бағыттары мен қорытындылары, сондай-ақ елдің қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту перспективалары туралы хабардар етілді. 

Халықаралық әскери ынтымақтастықтың мақсаты – Қазақстан Қарулы күштерінің дамуына жәрдемдесу және мемлекеттің әскери қауіпсіздігін нығайту, – деп Қорғаныс министрінің орынбасары әскери дипломатияның басым бағыттарын айқындады. 

Кездесу барысында генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов әскери-дипломатиялық корпусқа қазақстандық тараптың бастамаларын іс жүзінде орындауға белсенді қатысып, жәрдемдескені үшін ризашылығын білдірді, - делінген ақпаратта.

Еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің әлеуеті және осы саладағы ынтымақтастықтың даму көкжиегі туралы дипломаттарға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Қорғаныс-өнеркәсіп кешені департаменті бастығының орынбасары Асқар Тамаев айтып берді. 

Дипломатиялық корпустан сөз қазақстандық әскери атташе ассоциациясының дуайеніне, Үндістанның Қазақстандағы елшілігінің өкілі полковник Дирадж Раманандқа берілді. 

Қызмет бағыттары бойынша брифингте Халықаралық ынтымақтастық, Стратегиялық даму, Жедел жоспарлау, Ақпараттық технологиялар, Әскери білім және ғылым департаменттерінің, Қару-жарақты бақылау және инспекцияларды қамтамасыз ету орталығының өкілдері сөз сөйледі.

Өзгелердің жаңалығы