Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада "Ақылды қала" ауқымды жобасы желтоқсанда іске қосылады

11 Тамыз 2025, 18:53
681
Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
Фото: BAQ.KZ - архив

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамытуға арналған жиында Үкімет пен Астана әкімдігінің елордада "Ақылды қала" ауқымды жобасын жүзеге асыру бойынша нәтижелі жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Telegram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, жобаны ресми түрде іске қосу желтоқсан айына жоспарланған.

Президент бұл тәжірибені Қазақстанның барлық ірі қалаларына таратуды міндеттеді. Сонымен қатар елімізде цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту айрықша маңызға ие екенін ескере отырып, Үкіметті формализмнен аулақ болуға шақырды, - деді Руслан Желдібай.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект құралдарының экономиканың нақты секторына енгізілуі баяу жүріп жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Осы орайда Үкіметке жұмысты жедел қолға алуды тапсырды.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Мемлекет басшысы Қытай ұсынған Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі Дүниежүзілік ұйым құру бастамасына қолдау білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады.

Сондай-ақ, аталған жиын барысында Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың жасанды интеллектіні дұрыс қолдана білуі маңызды екенін ескертті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Google корпорациясының Қазақстандағы агенті Нұржол Табиғат ЖИ қалалық инфрақұрылымды басқаруды жақсартып, компаниялардың жұмыс тиімділігін арттыратынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы