Астаналық прокуратура соңғы 6 жылда үлескерлердің мүддесі үшін 104 млрд теңгеге 143 талап арыз жазды. Нәтижесінде 15 қылмыстық іс қозғалып, 45 адам сотталды, 147 адам әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық прокуратураға сілтеме жасап.
Жыл басынан бері жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеден асатын 119 үлескердің мүддесі үшін бес нысан бойынша 5 талап берілді.
Прокуратура азаматтарға заңды айналып өту үшін алдын ала шарт, ниет шарты, инвестиция, брондау және осы сияқты жасырын шарттар жасасатын жосықсыз құрылыс компанияларынан абай болу керектігін ескертеді. Елдің қаражатын тарту үшін құрылыс салушылар тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу жөнінде шарт жасасуға міндетті, - дейді қалалық прокуратура.
Тек екі жағдайда ғана құрылыс салушы үлескерлердің ақшасын үлестік қатысу туралы шартсыз тарта алады:
- қазақстандық тұрғын үй компаниясымен шарт болса;
- құрылыс салушыда әкімдіктің рұқсаты болған жағдайда.
Барлық азаматтарды мұқият болуға және өз ақшаларымен тәуекел етпеуге шақырамыз, - деді прокуратура.