2024 жылдың 21-22 қазанында Астанада Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Maqsut Narikbayev University-нің ұйымдастыруымен, Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының Бас хатшысы Кристоф Бернасконидің қолдауымен, электронды апостиль бағдарламасы бойынша 13-ші Халықаралық форум өтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл іс-шара ерекше маңызға ие, өйткені осындай ауқымды форматтағы форум алғаш рет Орталық Азия елінде өткізілуде.
Форумға 16-дан астам елдің сарапшылары мен практиктері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар «Е-Апостиль» бағдарламасын енгізу мен пайдаланудың өзекті мәселелерін талқылап, тәжірибелерімен бөлісті және жүйені одан әрі жетілдіру үшін бірлескен ұсыныстар әзірледі.
Бұл 2019 жылдан бері, Бразилияның Форталезасында өткен 11-ші e-APP форумынан кейінгі алғашқы ашық форматтағы кездесу. Сондықтан толық форматқа оралу және 300-ден астам қатысушының, соның ішінде 70 келіссөз жүргізуші тараптары мен Конвенцияға қатысушы емес үш мемлекеттің өкілдерін көру ерекше қуантады,- деп атап өтті Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының Бас хатшысы Кристоф Бернаскони.
Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, электрондық апостиль — халықаралық құжат айналымын жеңілдету, ашықтық пен қауіпсіздікті арттыру жолындағы маңызды қадам.
Біздің университет 2019 жылдан бастап Халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясымен серіктестік құрметіне ие болды. Сондай-ақ, біз Орталық Азияда Гаага конференциясының өкілі ретінде қызмет ететін Антенна ретінде жұмыс атқаратынымызды да атап өту маңызды. Осы рөліміз арқылы біз Гаага конференциясына мүшелікке қосылуды белсенді түрде насихаттап, оның конвенцияларын бүкіл аймақ бойынша ратификациялауды ынталандырамыз»,- деді Maqsut Narikbayev University Провосты Сергей Пен.
Қазақстанда аталмыш форумды өткізу – елдің апостилизация процестерін цифрландыру саласындағы көшбасшылық орнын атап көрсетеді. Мұндай форумдар бұған дейін Америкада, Еуропада және Азияда өтті, енді Қазақстан халықаралық деңгейде апостилизацияның цифрландыру мәселелерін талқылайтын негізгі орталыққа айналды.
Форумның бірінші күнінің қорытындысы бойынша мынадай ұсынымдар әзірленді:
- «Е-Апостиль» жүйесінің мемлекеттік реестрлермен интеграциясы;
- электронды қолтаңбаларды және мөрлерді верификациялау механизмдерін жетілдіру;
- азаматтардың электронды апостильдің артықшылықтары туралы хабардарлығын арттыру.
Қабылданған келісімдер бүкіл әлем бойынша құжаттарды цифрлық апостилдеу саласында озық тәжірибелердің одан әрі дамуына және таралуына ықпал ететін болады.