Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордада мектеп тапшылығын жою үшін 32 мектеп салынып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елордалық білім беру жүйесінің ерекшелігі - оның қарқынды дамуы. Қала өсіп келеді, онымен бірге елорданың білім беру инфрақұрылымы да жетіліп жатыр. Қаламен бірге халық саны да жылдан жылға артуда. Соңғы 10 жылда мектеп жасына дейінгі балалар саны 59 мыңға, оқушылар саны 160 мыңға артып отыр, – деді Жеңіс Қасымбек тамыз форумында.
Әкімнің дерегінше, жыл сайын Астанада 35 мыңға жуық бала дүниеге келеді.
Мектеп орындарымен қамтамасыз ету үшін 32 мектеп салынуда, оның 24-і «Жайлы мектеп» жобасы бойынша. Сонымен қатар алдағы жылдары 60 заманауи балабақша салынатын болады. Оқушыларды қосымша біліммен қамту үшін 2029 жылға дейін 15 заманауи Оқушылар сарайын салуды жоспарлап отырмыз. Оның 2-уі осы жылы пайдалануға берілді. Тағы 3-еуінің құрылысы осы жылы басталады. Қаламыз күнделікті өсіп келеді, сонымен бірге халық саны өсуде, елорданың инфрақұрылымы күн сайын жақсаруда,- деді қала әкімі.
Қазіргі таңда елордада бір жарым миллион адам тұрады. Оның 250 мыңнан астамы мектепке дейінгі балалар болса, 280 мыңнан астамы мектеп оқушылары.